Әсет Ерғалиев: Өңделген тауарлар экспорты өсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өңделген тауарлар экспорты 25 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 27 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 25 пайызға 8,9 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Тауарлар импорты 18,3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы, сауда балансы 8,7 млрд АҚШ долларын құрап, оң деңгейінде сақталды», – деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,9%-ға өсті. 14 өңір оң өсімді көрсетті. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында байқалып отыр.

«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 39%, машина жасау – 22,7%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,7%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 37,7%, құрылыс материалдары – 13,2%, пластмасса бұйымдары – 24,7%, дайын металл бұйымдары – 20,4% серпінді өсуді көрсетіп отыр», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,7 пайызды құрады.

Дереккөз: lenta.inform.kz

Posted: 11.08.2021 - Last modified date: 02.11.2021